ШҚО-да биыл ауаны ластайтын зиянды шығарындылар 3,2% азайды – Зүлфия Сүлейменова

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат –Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова биыл өңірдегі кәсіпорындардың ауаны ластайтын зиянды шығарындылары 3,2%-ға азайғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Өскеменде жергілікті БАҚ өкілдеріне баспасөз мәслихатын өткізді. Оның айтуынша, ШҚО — ауаны ластайтын шығарындылар көлемі бойынша еліміздегі ең алдыңғы қатардағы өңірлердің бірі.

«Республика бойынша ластаушы заттар шығарындыларының көлемі осы жылдың 1 тоқсанында 401,08 мың тоннаны құрады. Оның ішінде Шығыс Қазақстанда – 13,1 мың тонна. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 3,2%-ға төмен. Бұған табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыру арқылы қол жеткізіліп отыр», - дейді Зүлфия Сүлейменова.

Өңірдегі экологиялық проблемаларды шешу үшін арнайы құрылған жол картасында 35 шара көзделген. Қазіргі уақытта оның 3-і орындалды.

«Облыстағы негізгі мәселелер – қалдықтарды басқару инфрақұрылымының нашарлығы, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының бекітілген нормаларға сәйкес келмеуі, рұқсат етілмеген полигондардың көптігі. Аймақ халқының 60%-ы қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және әкету қызметтерімен қамтылған. Қалдықтарды бөлек жинау және сұрыптау 2 елді мекенде жүргізіледі. Ғарыш арқылы мониторинг жасаудың арқасында 2022 жылы Шығыс Қазақстан 241 бей-берекет тасталған қоқыс үйіндісі анықталды. Оның шамамен 79%-ы жойылды», - дейді министр.