Аталмыш гранттар өз ісін дамытқысы келген кәсіпкерлерге технология немесе франшиза, өндіріске қажет қондырғылар сатып алу үшін берілмек. ЖОО, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйым және БАҚ өкілдерінен жасақталған комиссия мүшелері 93 жобаның ішіндегі ең өзекті деген 35-ін таңдап алды.
«Бізді үміткерлердің арасында Үржар, Катонқарағай, Тарбағатай, Күршім сияқты шалғай аудандардан келген кәсіпкерлердің көп болғаны қуантты. Грант иегері атану үшін кез келген кәсіпкер бизнес негіздерін үш күндік курс арқылы меңгеріп, өз жобасын ұсынуы керек болған. Сонымен қатар, шотында грант көлемінің 10 пайызына пара пар қаржы жатуы керек. Бұл қаржы жылжымайтын мүлік пен жер учаскесін, дайын өнім сатып алуға берілмейді. Облыс әкімі Даниал Ахметов өңірде шағын бизнесті дамыту үшін жыл сайын грант мөлшерін арттырып келеді. Былтыр тек 9 грант қана берілген болатын», - дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мақсат Мүсәпірбеков.
Грантқа ұсынылаған бизнес-жобалардың ішінде ешкі сүтін өндіру, шұбат өңдеу, табиғи шырын сығымдау, дефектологиялық орталық ашу сияқты ерекше идеялар да болған.
Грант иегерлері алған ақшасын бизнес-жобаға салғаны жөнінде 6 ай сайын есеп беріп отыруға міндеттеледі. Ал бір жылдан кейін нақты өнімдерін көрсетуі тиіс. Мұндай гранттар өңірде 8 жылдан бері беріліп келеді. Бұған дейін оның жылдық көлемі 15-18 млн теңге көлемінде ғана болған.
Айта кетейік, ШҚО әкімдігі шағын және орта бизнес нысандарын несиелендіру және қаржылай қолдау көрсеткіштері бойынша соңғы 3 жылда облыстар арасында алдыңғы орында келеді.