ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 26 қарашада Зайсан ауданындағы шаруа қожалығының басшысы құтқарушыларға хабарласты. Өз сөзінде ол Қаратал ауылының маңында мал іздеуге кеткен 2 шопанның жоғалғанын жеткізді. ТЖД қызметкерлері жол талғамайтын «КУНГ» автокөлігімен көмекке аттанды.
«Олар қатты аяз бен қарлы боранға қарамастан 1963 және 1983 жылғы ер адамдарды іздестірді. Шопандардың бірі «Жадыра» шаруа қожалығынан 5 шақырым жерде табылды. Ал екіншісі көп ұзамай өз бетімен оралды. Шопандарға медициналық көмек қажет болмады», - делінген ақпаратта.
Жол бойында №25 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушыларына тағы бір өтініш түсті. Қар құрсауында қалған «Мазда» маркалы көлікте үш ер адам болған. Сол жерге келген құтқарушылар азаматтарды жақын маңдағы елді мекенге жеткізді.