ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында боранға байланысты тасжолдардың бірінде көлік қозғалысы шектелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақавтожол» ЖШС ШҚО филиалының мәліметіне сүйенсек, 5 ақпанда сағат 18.30-дан бастап өңірде ауа райының нашарлауына байланысты (бұрқасын, жолдың көрінбеуі) республикалық маңызы бар «Өскемен-Семей» тасжолының 10-198 шақырымында ( Қалбатау ауылы мен Семей қаласының аралығы) жүк көліктерінің және автобустардың қозғалысына шектеу қойылды.
Осы ретте, Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға алыс сапарға шығар алдында жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы тексеріп отыруға кеңес береді.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.