ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында бораннан науқасқа жете алмай қалған дәрігерлерге құтқарушылар көмекке келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға Зайсан ауданында болған.
«Айнабұлақ ауылдық округіндегі Ақтам қыстағында науқасқа дәрігер көмегі қажет болды. Алайда қалың қар мен бораннан жедел жәрдем қызметкерлері онда жете алмаған. Оларға көмекке құтқарушылар келіп жетті», - делінген ақпаратта.
ТЖД қызметкерлері дәрігерлерді жетуі қиын жерге жол талғамайтын көлікпен жеткізді. Бірнеше шақырым жолсыз жерді еңсеруге тура келген.
Қыстаққа келген соң дәрігерлер науқасқа шұғыл медициналық көмек көрсетті.
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.