ШҚО-да бір жылда 600 келіден астам есірткі тәркіленді

Фото: Polisia.kz

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының полицейлері былтыр 600 келіден астам есірткі тәркілеген.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бір жылда өңір бойынша есірткіге қатысты барлығы 273 қылмыс анықталған. Соның нәтижесінде заңсыз айналымнан 600 келіден астам есірткі түрлері, оның ішінде азаматтардың өмірі мен денсаулығына аса қауіпті 7 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді.

- Есірткі тасымалының төрт негізгі арнасы мен тыйым салынған өсімдіктерді өсіру үшін пайдаланылған 11 фитозертхана жойылды. Есірткінің интернет арқылы сатылуына қарсы күреске ерекше назар аударылды. Осы жұмыстың аясында есірткіні жарнамалайтын 1271 онлайн-ресурс бұғатталды, - делінген ақпаратта.

Сонымен қатар есірткі саудасы үшін пайдаланылған 5800-ден астам банк картасы мен шоттарды бұғаттау үшін материалдар жіберілді. Бұғатталған қаражаттың жалпы сомасы 117 млн теңге.

Еске салсақ, осыған дейін Атырауда оқушылардың есірткіге тәуелділігі тексерілетіні хабарланған.