ШҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы жүргізген тексеру барысында бұрынғы Юбилейно-Снегирихинское кен орнындағы шахтадан су аққаны анықталды.
Соның салдарынан Малая Карагужиха өзені металмен ластанып, Глубокое ауданындағы Снегириха тауы опырылған.
«Бұған „Востокцветмет“ ЖШС кенішті жою технологиясын бұзуы себеп болды. Жалпы ауданы 15 000 шаршы метрден асатын тау жыныстары опырылған. Облыстық экология департаментінің су сынамасын зерттеуіне сәйкес, өзен суы құрамында мырыш, кадмий, темір, марганец сынды ауыр металдардың шекті рұқсат етілген концентрациясының нормативтері 83 мың есе асқан», — деп хабарлады ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен.
Анықталғандай, кенішті жою кезінде кәсіпорын жеке рекультивация жұмыстарын жүргізбеген, кеніш аумағы бастапқы қалпына келтірілмеген.
«Соған қарамастан, уәкілетті мемлекеттік органдардан тұратын комиссия кен орнын жоюды қабылдау актісіне қол қойған. Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы кенішті жою бойынша қабылдау актісінің күшін жою туралы сотқа талап арыз берді. Ол қанағаттандырылып, жоюды қабылдау жөніндегі комиссия актісі заңсыз деп танылып, күші жойылды. Апелляциялық орган сот актісін күшінде қалдырды», — делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта прокуратура «Востокцветмет» ЖШС-ін заңмен белгіленген жауапкершілікке тарту, кеніштің тиісті жойылуын қамтамасыз ету және қоршаған ортаның ластану себептерін жою бойынша шаралар қабылдауда.