ШҚО-да дала өртінің алдын алу үшін 200-ден астам адамнан тұратын мобильді топтар құрылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында дала өртінің алдын алу үшін 200-ден астам адамнан тұратын мобильді топтар құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірдегі өрт сөндіру бөлімшелері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта шөп пен қоқыс жануы жиілеп кеткен.

Өрт көп жағдайда ашық аумақта, саяжайларда және жеке тұрғын үй секторында тіркеліп жатыр. Отпен абайсыз әрекет ету – тілсіз жаудың шығуына әкеліп соғатын ең негізгі себеп.


«Шығыс Қазақстанда дала өртінің алдын алу үшін 225 адамнан тұратын мобильді топ құрылды. Олардың қатарына өрт сөндірушілер, жергілікті атқарушы органдар, полицейлер мен орманшылар кірді. Бүгінде бірнеше профилактикалық рейд жүргізген мобильді топ мүшелері өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған 7 адамды әкімшілік жауапқа тартты», - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, құтқарушылар дала өртін дер кезінде ауыздықтау үшін ғарыш арқылы да мониторинг жасауда. Соның көмегімен 9 жылу нүктесі анықталып, өрттің ары қарай жайылуына жол берілмеді.