ШҚО-да дәрігер тапшы: Тұрғындар ем алу қиындап кеткеніне шағымданды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстанның кейбір аудандарында дәрігер тапшылығы бас қатырып, балтыр сыздатар мәселеге айналды. Соның салдарынан тұрғындар дұрыс ем-дом ала алмай жүргеніне шағымданып жатыр. Kazinform тілшісі түйіні тарқатылмай келе жатқан түйткілдің жай-жапсарын анықтап көрді.
Облыс бойынша дәрігер жетіспейтінін ШҚО денсаулық сақтау басқармасының өкілдері де жасырмайды.
Статистикаға сүйенсек, 2025 жылдың сәуір айының ортасындағы жағдай бойынша Шығыс Қазақстанға 160 дәрігер қажет болған. Кейінірек жағдайдың біраз реттелгеніне қарамастан күз басталғалы 153 ақ халатты жетіспейтіні айтылды.
Оның ішінде, жалпы тәжірибелік дәрігері Өскеменнен бөлек, барлық ауданға қажет. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мадина Мырзабекова осы түйткілді шешу жолдары қарастырылып жатқанын алға тартты.
«Біз экологиялық аймаққа кіреміз»
Мәселен, Тарбағатай ауданының тұрғындары уақыт өткен сайын жағдай ушығып бара жатқанын айтып отыр. Тұғыл ауылының жұрты «ауылда дәрігер жоқ» дегелі бірнеше жылдың жүзі болған.
Зейнеткер Альмира Құрманбекқызының айтуынша, мұндағы халық балық аулап күнелтеді. Алпыс жыл осы ауылдың тұрғыны болған ол осы уақытқа дейін түрлі өзгерістің куәсі болған.
Зейнеткер қазір 5000-ға тарта халқы бар елді мекенде дәрігер жетіспейтінін жеткізді. Оған қоса, үш жылдан бері зейнетке шыққан адамның әлі де жастарға орын бермей жүргеніне наразылық білдірді.
— Бізге дәрігерлер келсе екен. Ал зейнет жасындағы дәрігер еңбек демалысына кетіп, орнына жас маманның келгені жөн. Мемлекетіміздің басты байлығы — халық және оның денсаулығы. Сол денсаулықты сақтау үшін ауылымызға білікті дәрігерлер керек, — деді ол.
Ауылда неге дәрігер аз?
Аудан әкімінің орынбасары Ержан Сабырбаев «Ауылда дәрігер неге жоқ?» деген сауалымызға ақ халаттылардың әралуан себеппен жұмыстан шыққанын айтады. Айталық, биыл қазан айының 1-нен бастап амбулатория дәрігері Әйгерім Асанова өз өтініші негізінде жұмыстан кеткен.
Жуықта ел арасында Алтай ауданына қарасты Серебрянск қаласында хирургия бөлімі дәл осы маман тапшылығына байланысты жабылуға шақ деген әңгімелер де тараған болатын. Алайда кейіннен бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтыны мәлім етілді.
Осындайда көкейге келетін заңды сұрақ — дәрігер неге тұрақтамайды, оларға жағдай жасалып жатыр ма? Бұл сұрақтарды жуықта он айды қорытындылап, Өскеменде брифинг өткізген бірнеше аудан басшысына қойған едік.
Олардың айтуынша, жұмыс істеуге келген әрбірін қолдауға дайын.
— Биыл ауылға қанша жас дәрігер келгенін нақты айта алмаймын. Бірақ ауданымызда ашылған медициналық нысандардың барлығы дәрігерлермен қамтылған. Егер жас маман келетін болса, оларға бюджеттік несие мен көтерме жәрдемақы жағынан көмектесеміз. Сосын үймен қамтимыз, — деді Глубокое ауданының басшысы Эльдар Тумашинов.
Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов жағдай сәл де болсын реттеліп келе жатқанын жеткізді. Қазір Миролюбовка ауылында құны 196,3 млн теңге болатын фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы жалғасып жатыр.
— Ауданда эндокринология, жалпы практика, педиатрия-неонатология және рентгенология бағыттары бойынша дәрігер тапшылығы азайды, — деді ол.
Қалай десек те, қазір облыс көлемінде 150-ге тарта дәрігер тапшылығы сезіліп отыр. Ал мақала басында жазылған Тұғыл ауылында жағдай әлі өзгеріссіз.
Ауыл тұрғыны Нәзипа Кешубаеваның айтуынша, Қабанбай ауылынан келетін маман аптасына екі рет, таңертең сағат 9:00-ден кешкі сағат 16:00-ге дейін жұмыс істейді.
Қазір ауруханада күрделі жөндеу жүріп жатқандықтан тұрғындар әкімдік артындағы халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратында ем алып жүр.
— Қан тапсырсақ та, дәрігерге қаралсақ та, 60 шақырым жол жүріп, Ақжарға барамыз. Автобус жүрмейді, такси барып-қайтқаны үшін кісі басына 3000 теңге сұрайды. Халық екі ортада титықтап бітті. 4000 тұрғын ішінде жағдайы төмендер адамдар бар, — деді қазіргі ахуалға қапалы болған зейнеткер.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да науқасты дұрыс емдемеген дәрігер сотталғаны хабарланған.