ШҚО-да дауылдан үйлердің шатыры ұшып, көшелер жарықсыз қалды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында қатты жел соқты.
Кешелі бері Самар ауданында дауыл соғып жатыр. Метеорологтардың мәліметінше, желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жеткен. Абырой болғанда, зардап шеккен ешкім жоқ.
- Дауыл салдарынан бірнеше көпқабатты тұрғын үй мен ауыл шаруашылығына арналған жеке құрылыстардың шатырына зақым келді. Сонымен қатар электр беру желілері мен байланыс бағандары құлаған, - дейді аудан әкімі Серік Жеңісов.
Оқиға орнына бірден Төтенше жағдайлар департаментінің жедел бригадалары, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері және «ШҚ ОЭСК» АҚ мен «Қазақтелеком» АҚ мамандары жұмылдырылды. Қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, бүгін елді мекендерде электр қуаты толық қалпына келтіріледі деп жоспарланып отыр.
- Бүлінген шатырларға қатысты жақын күндері тиісті қаулы қабылданады. Қазір келген шығын көлемі есептеліп жатыр. Құрылыс материалдарын Өскеменнен жеткізу жұмыстары басталып кетті, - дейді Серік Жеңісов.
Еске салсақ, осыған дейін дауыл кезінде қаза тапқан ақсулық әйелдің отбасына көмек көрсетілгені хабарланған.