ШҚО-да дауыл ғимараттардың шатырын ұшырды, көліктер қар құрсауынан құтқарылуда

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында қатты дауыл бірнеше ғимарат пен тұрғын үйлердің шатырын ұшырып әкетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 20 наурызда өңірде дауылды ескерту жарияланған болатын. Қатты жел Жарма ауданы Қалбатау ауылында жалпы ауданы 140 шаршы метрге жететін екіқабатты дәмхананың және Келденов көшесіндегі жеке тұрғын үйдің шатырын көкке көтерген. Сонымен қатар Әуезов кентіндегі Мира көшесінде орналасқан, жер үйдің шатыры бұзылды.

«Қазіргі уақытта оқиға орнында комиссия мүшелері жұмыс істеуде. Зардап шеккен ешкім жоқ», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Осы ретте, ТЖД мамандары өңір жұртшылығына қандай да бір қиындыққа тап болған жағдайда дереу «112» нөміріне хабарласу қажеттігін ескертеді.

Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары жолда қалған көлік жүргізушілеріне көмекке келуде.

Тарбағатай ауданындағы Зайсан көлінде 3 балықшы эвакуацияланды. Белгілі болғандай, «Ұлтарақ» учаскесінде олардың көліктері бұзылып қалған. Құтқарушылар азаматтарды жол талғамайтын көлікпен Қабанбай ауылындағы қонақ үйге жеткізіп тастады.

«Үржар ауданындағы «Мақаншы-Жалаңашкөл» тасжолында автокөліктер қар құрсауында қалған. Оқиға орнына келіп жеткен құтқарушылар 2 көлікті жолға сүйреп шығарды. 6 адам, оның ішінде 2 бала эвакуацияланды. Күршім ауданы Қайыңды ауылының маңайындағы Бұқтырма су қоймасында, дәл мұздың үстінде 2 балықшы мініп келе жатқан көлік сынып қалған. ТЖД қызметкерлері оқиға орнына «КУНГ» техникасымен көмекке аттанды», - делінген мәліметте.

«Семей Қарауыл» тасжолынан 30 шақырымдай жерде құтқарушылар жүргізушілер мен жолаушыларға көмек көрсетіп жатыр. Алдын ала мәліметке сәйкес, мұнда 80 көлік жолда қалған. «ОблШығысжол» ЖШС мамандары мен құтқарушылар қар басқан жолды тазалап, көліктерді Семей қаласына дейін жеткізіп тастамақ.

Сонымен қатар Жарма ауданындағы «Шар-Бақыршық» тасжолында 4 көлік қарға батқан. Қазіргі уақытта сол жерге жол тазалайтын арнайы техникалар бара жатыр.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да қатты жел құс фабрикасының шатырын ұшырып әкеткендігін хабарлаған болатынбыз.