Бұл жолы 9073 абонент жарықсыз қалды, деп хабарлады Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінен.
Ведомстводан мәлім еткендей, облыс аумағында электр жарығы наурыздың 15-күні таңертеңгі сағат 7 шамасында өшіп қалған. Мәселен, Семей қаласының Шығыс кентінде - 1788, сондай-ақ бірқатар аудандарда, атап айтқанда, Аягөзде - 1864, Жармада - 387, Зайсанда - 637, Қатонқарағайда - 1261, Ұланда - 1956 және Күршімде - 1180 тұтынушы энергия көзінен ажыратылды.
Ауа райының нашар болуына (бұрқасын және көру мүмкіндігінің шектелуі) және қозғалыстың қиындығына байланысты аталмыш өңірлерде қалпына келтіру жұмыстары әлі басталған жоқ.
Жоспар бойынша жөндеу бригадалары жұмысқа бүгін, наурыздың 16-сында кіріседі.
Естеріңізге сала кетейік,үстіміздегі наурыз айының 9-ынан 10-ына қараған түні күшті жел ШҚО-ның 4 жарым мыңнан астам абонентін жарықсыз қалдырған болатын. Электр желілері тек 4 күннен кейін ғана толығымен іске қосылды.