ШҚО-да демалыс базаларына апаратын жол уақытша жабылады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында демалыс базаларына апаратын жол уақытша жабылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 28-29 шілде аралығында «Өскемен-Таулы Үлбі-Северное» тасжолының 31-37 шақырымы (З. Космодемьянская атындағы лагерьден «Алтай Альпі» демалыс базасына дейінгі жол) бойынша көлік құралдарының барлық түрлері үшін қозғалыс жабылады.

«Енгізілген шектеулер су өткізу құбырын жөндеуге байланысты болып отыр. Көлік жүргізушілері елді мекендерге, лагерьлерге және демалыс базаларына бару үшін «Өскемен-Алтай-Рахман қайнары» тасжолымен айналып өтуі қажет», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Тәртіп сақшылары жүргізушілерге енгізілген шектеулерді ескере отырып, маршруттарды алдын ала жасап алу қажеттігін ескертеді.