ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 13 ақпанда Семей қаласындағы Гагарин көшесінде ер адам шұңқырға құлап кеткен. Оқиға орнына шұғыл келіп жеткен №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары оны алып шығып, жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырды.
«Ал Өтепбаев көшесінде каршадай балалар пәтерде қамалып қалды. Құтқарушылар арнайы құралдардың көмегімен есікті ашып, 4 және 2 жастағы бүлдіршіндерді шығарды. Осыған ұқсас жағдай Өскеменде тіркелген. Астана көшесіндегі сыртқы есігі жабылып қалған пәтерде бір бала болды. Құтқарушылар жедел түрде есікті ашуға көмектесті», - делінген ақпаратта.
Семейдегі Шүлбі кентінде мұзда жеңіл автокөлік қалып қойған. Жүргізуші құтқарушылардан көмек сұрады. №40 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері сол жерге келіп, 21 жастағы ер адамды өтімділігі жоғары техникамен эвакуациялады. Оған медициналық көмек қажет болмады.