ШҚО-да «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ақша алғандар міндеттемесін орындамаған

АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданында «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезінде заң бұзушылықтар анықталды. Кейбір мамандар мемлекеттен алған қаржыны шарт талаптарына сай пайдаланбаған.

Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

Марқакөл ауданының прокуратурасы бағдарламаны іске асыру кезінде заңнама талаптарының сақталуына талдау жүргізген. Нәтижесінде мемлекеттік қолдау алған жекелеген азаматтардың жалпы сомасы 10,6 млн теңгеге шарттық міндеттемелерін орындамағаны анықталды.

Мәселен, 2023 жылы Күршім ауданы әкімінің қаулысымен медициналық колледжді тәмамдап, аудандық ауруханаға жұмысқа келген жас маманға 5 млн теңге бюджеттік кредит берілген. Бұған қоса, оған 345 мың теңге көтерме жәрдемақы төленген.

Алайда медицина қызметкері қаржыны алғаннан кейін бағдарлама шарты бойынша ауылдық елді мекенде кемінде үш жыл жұмыс істеу міндеттемесін орындамаған.

Прокуратураның шараларынан кейін мемлекет бюджетіне 2,95 млн теңге қайтарылды. Қалған соманы өндіріп алу мәселесі бақылауда. 

Айта кетейік, 2024 жылға дейін Марқакөл ауданы Күршім ауданының құрамында болған.

Прокуратура бюджет қаражатының заңды әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін «Дипломмен ауылға» бағдарламасына жаңа мамандықтар қосылғанын жазғанбыз.