ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 6 ақпанда түнгі сағат 01:26-да Опытное поле кентіндегі жер үйде өрт шықты. Қызыл жалын үйдің қабырғаларын, шатырдың ағаш құрылымдарын, есікті, жиһазды, тұрмыстық техника мен жеке заттарды шарпыған.
Сол маңайдан өтіп бара жатқан Алексей Отто мен Андрей Поляков еш ойланбастан көмекке ұмтылды. Терезе арқылы ішке кірген олар 1950 жылғы әжейді сыртқа алып шыққан», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Көп ұзамай оқиға орнына келген өрт сөндірушілер жалпы ауданы 48 шаршы метрді құраған тілсіз жауды толықтай ауыздықтады. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығу себебі – электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаудан болуы мүмкін.
Зейнеткерді құтқарған бейбіт күннің батырлары өздері туралы ақпарат беруден бас тартып, қарапайымдылық танытты.