ШҚО-да экологиялық заңнаманы бұзған қытайлық компанияға 1 млрд теңге айыппұл салынды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында жұмыс істеп жатқан қытайлық құрылыс компаниясы экологиялық заңнаманы сақтамаған.
ШҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының талабы бойынша экология департаменті қытайлық «СИНЬСИН» құрылыс компаниясы» ЖШС-ға тексеру жүргізді. Соның барысында табиғат қорғау заңнамасының бұзылу фактілері анықталды.
Нақты айтқанда, олар асфальтбетон қондырғысы мен ұсақтау кешенін 1 санаттағы объектілерге экологиялық рұқсатсыз пайдаланған.
— Инспектордың қаулысымен компания ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабы 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алайда ЖШС бұған келіспей, Өскемен қаласының әкімшілік құқықбұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған сотына шағым түсірді. Сот шешімімен де қытайлық компания кінәлі деп танылып, 1 млрд теңге айыппұл төлеуге міндеттелді, — деп хабарлады ШҚО сотынан.
«СИНЬСИН» құрылыс компаниясы» ЖШС облыстық сотқа да шағым түсірді. Бірақ апелляциялық сот шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Еске салсақ, СҚО-да ер адам танысының отбасылық құпиясын таратқаны үшін 4 жылға сотталғаны хабарланған.