ШҚО Прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, мақсатсыз пайдаланылған немесе бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары жалғасуда.
Соңғы бір жылда облыс бойынша прокурорлық қадағалау актілері негізінде 533 жер учаскесі қайтарылған. Кадастрлық құны 5,5 млрд теңгені құрайтын жер учаскелерінің жалпы аумағы 36,9 мың гектарға жетеді. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында қызмет еткен экс-шенеунікке тиесілі жер мемлекет меншігіне қайтарылып отыр.
«Бұл Өскемендегі 4 учаске және Бұқтырма су қоймасының жағалауындағы 3 учаске 10 жыл бойы еш пайдаланылмай келген. Қазір осы жерлер мемлекет меншігіне өтті. Учаскелердің нарықтағы құны 4,8 млрд теңгені құрайды», - делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да шошқа фермасын жабуға қатысты сот шешімі өзгеріссіз қалғанын хабарлаған едік.