ШҚО-да экспорт азайып, импорт артқан

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысында мыс пен алтын өндірісі артқан. Дегенмен, бұл өсім экспорттың төмендеуін тежей алмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Өскеменде былтырғы жылдың экономикалық көрсеткіштерін қорытындылаған жиын өтті. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Ұлақованың айтуынша, облыстың жалпы ішкі өнімі бір жылда 3,5 трлн теңгені құраған. Өсім алтын және мыс өндірісінде, машина жасау саласында байқалып отыр.

«Ақтоғайдағы жұмыстардың жандануы мыс өндірісін - 14 пайызға, Бақыршықтағы кәсіпорынның іске қосылуы алтын өрдірісін 27 пайызға өсірді. Ал машина жасау саласындағы өсім 60 пайызға жетті» - деді Сәуле Ұлақова.

Сәйкесінше, Аягөз, Жарма аудандары мен Өскемен қаласы өнеркәсіп көлемі бойынша алға шығып отыр. Ал 13 аудан жоспарлаған меже түгілі, 2017 жылғы көрсеткішке жете алмаған. Көш соңында Зайсан, Бородулиха, Курчатов аудандары тұр.

«Бұл үш ауданның да әлеуеті бар. Сондықтан көрсеткіштерін сын көтермейді деуге болады. Әкімдерінде жұмыс істеуге ниет жоқ, әйтпесе көш соңында қалатын жөндері жоқ. Бородулиха ауданына келген жаңа әкім олқылықтарды тез арада орнына келтіруі тиіс» - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Экономикаға инвестиция тарту көрсеткіштері бойынша Абай, Жарма, Зайсан, Бесқарағай аудандары сылбырлық танытқаны да айтылды. Бұл төрттіктің құрылыс саласындағы көрсеткіштері де мардымсыз. Олардың қатарын Шемонаиха және Глубокое аудандары толықтырып тұр.

Халықты баспанамен қамтуда Зайсан ауданы тағы да көш соңында. Мұнда жылдық жоспар 17 пайызға ғана орындалған. Зайсаннан жоғары Ұлан, Бесқарағай, Аягөз аудандары жайғасыпты.

Жалпы облыс бойынша экспорт көлемі 33 пайызға кеміп, импорт 13 пайызға артқан.

«Экспорттың төмендеуіне минералдық өнімдерге сұраныстың 1,8 есеге кемуі себепкер болған. Сондай-ақ, металл мен металл бұйымдарға қажеттілік 1,7 есеге азайған. Бізде өндірілетін қондырғылар мен көлік түрлері 2017 жылмен салыстырғанда 8,7 есе аз сатылған. Есесіне, шетелден әкелінетін қондырғылар мен көлік түрлері 1,7 есеге көбейіп отыр. Ет пен өсімдік өнімдері 1,8 есе, ағаш өнімдері 14,9 пайыз көп әкелінген. Осының салдарынан импорт өскен» - дейді Сәуле Ұлақова.

Бұл өз кезегінде халық көп тұтынатын тауарлардың бағасына әсер еткен. Атап айтсақ, азық-түлік бағасы орта есеппен 4,3 пайызға өскен. Әсіресе ет пен сүттің бағасы 7 пайызға, қант бағасы 18 пайызға көтерілген. Дәрі-дәрмек 3,7 пайызға, көмір мен ағаш отын бағасы 9,7 пайызға, дизельдік отын 29,9 пайызға, киім-кешек 7,4 пайызға қымбаттаған. Ал қызмет түрлерінің бағасы 5,4 пайызға артып, республикалық көрсеткіштен асып кеткен. Әсіресе, қоқыс шығару қызметі 20 пайызға өскен.

«Елбасы тапсырмасына орай жыл аяғында 46 қызмет көрсетуші кәсіпорын 80 тариф бойынша қызмет құнын аздап азайтқан болатын. Соның әсерінен халықтың 2,6 млрд теңгесі үнемделді» - деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ атап өтілгендей, денсаулық саласында обыр мен туберкулездің таралуы азайып, ана мен бала өлімі артқан.

«Бала өлімі 1,4 пайызға өсіп отыр. Сондай-ақ, Семейде - екі, Жарма ауданында бір ана өлімі тіркелді» - дейді С.Ұлақова.

Облыс басшысы аталмыш олқылықтардың орнын толтыру үшін биыл тыңғылықты жұмыс істеу қажеттігін атады. Әсіресе, денсаулық сақтау, білім, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармаларына білек сыбана еңбектену жүктелді.

«Ана өлімі бойынша өрескел жайттар тіркелгені жасырын емес. Алдын алып, жас аналарды қамқорлыққа алу қажет. Дәрігерлердің жұмысын тиімді ұйымдастыру үшін қызметті бағалау критерийлерін дайындауды тапсырамын. Осы критерий бойынша олардың өз кәсібіне қаншалықты лайық екенін анықтайтын боламыз. Ал халықтың өмір сапасын жақсарту мақсатында ауызсусыз отырған елдімекендерге қомақты қаражат сұрап отырмыз. Қазір энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының қолында 100 жоба бар. Оны жүзеге асыру үшін 61 млрд теңге қажет. Осы бағытта тиімді іс атқаруымыз керек. Мектептерді ІТ-технологиямен жабдықтау ісінен шағын мектептер шет қалмауы тиіс. Ондай проблема бар. Тым болмағанда шағын білім ошақтарына интерактивті тақталар орнату қажет. Бұл шаруа сәуір айына дейін тиянақ табуы тиіс» - деді Даниал Ахметов.