ШҚО-да елік пен жабайы қабан атқан браконьерлер ұсталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында елік пен жабайы қабан атқан браконьерлер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында браконьерлерді ұстау бойынша кең ауқымды іс-шара өткізді.

Тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы мобильді топтар құрылған. Соның нәтижесінде, үш ауданда заңсыз аң аулағандар ұсталды.

«Бесқарағай ауданында 29-42 жас аралығындағы 4 ер адам құрықталды. Олардың көлігінен 4 еліктің еті, «Сайга» және «ИЖ» маркалы екі мылтық, пышақтар, дүрбілер және оқ-дәрілер табылды. Ал Тарбағатай ауданында тіркелмеген мылтықпен жабайы қабанды атып өлтірген 53 жастағы тұрғын ұсталды», - деді облыстық ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.

Сондай-ақ Бородулиха ауданында 34 жастағы екі браконьер қолға түсті. Олардан екі еліктің еті, қарда жүретін көлік пен «ИЖ» маркалы тегіс ұңғылы мылтық тәркіленді.

Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты ҚР ҚК 337-бабы (заңсыз аң аулау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.