ШҚО-да ең көп ақша жымқырылған мемлекеттік бағдарламалар аталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кіріс департаментінің Экономикалық тергеу қызметі жол картасының бағдарламалары бойынша мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген бюджет қаражаттарының ең көп жымқырылғанын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО МКД ЭТҚ хабарлағандай, жыл басынан тіркелген 94 қылмыстың 19-ы «Халықты жұмыспен қамту 2020 жол картасы», 4-уі - «Кәсіпкер» бағдарламасына тиесілі болса, «Агробизнес-2020» және «Балапан» бағдарламасына екеуден, «Қазақстан Республикасындағы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту», «Нұрлы жол», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламаларына бір-бір істен анықталған. Сонымен қатар, білім беру саласында 9, әлеуметтік салада - 9, денсаулық сақтау саласында 1 іс тіркелген.

Сот құрылыс-экономикалық сараптама актілерінің негізінде, 27 млн теңге залал келтірілгені анықталып, тергеу барысында олардың барлығы толықтай өтелді.

«Халықты жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша үш жыл бойы бюджет қаржысын жымқырған жеке кәсіпкер қазынаға 11 млн теңге қайтарған. ЖК иесі Жұмыспен қамту орталығында жұмыс беруші ретінде тіркеліп, 36 адамды жалған жұмысқа қабылдаған.