ШҚО-да ер адам 25 бұлғынды заңсыз атып алған

Фото: Фото: gov.kz

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында 25 бұлғынды атып алған ер адам 2 млн теңге төлеуге міндеттелді.

Алтай аудандық сотының мәліметіне сүйенсек, ШҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы аңшының үстінен сотқа шағым түсірген. Белгілі болғандай, ер адам құзырлы органнан 8 бұлғын аулауға рұқсат алған. 

Алайда ол рұқсатта көрсетілген шектен асып, 25 бұлғынды атқан. Осының салдарынан мемлекетке келтірілген шығын мөлшері 2 001 080 теңгені құрады.

«Сот мемлекетке келтірілген материалдық залалды өтеу туралы талапты заңды деп тауып, қанағаттандырылуы тиіс деген қорытындыға келді. Сот шешімімен азамат шығынды толықтай өтеуге міндеттелді», - делінген ақпаратта.

Ер адам бұл шешіммен келіспей апелляциялық шағым түсірген. Десе де апелляциялық сот үкімді еш өзгеріссіз қалдырды.