ШҚО-да ер адам өзі жұмыс істеген қожалықтың 20-ға жуық жылқысын ұрлаған

Фото: Фото: ШҚО ПД

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында ер адам өзі жұмыс істеген қожалықтың 20-ға жуық жылқысын ұрлаған.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары ірі көлемде мал ұрлаған 50 жастағы ер адамды ұстады.

- Белгілі болғандай, ол өзі жұмыс істеген шаруа қожалығының 17 бас жылқысын ұрлаған. Оларды басқа қораға айдап апарып, 200 мыңнан 800 мың теңгеге дейін сатып келген. Алдын ала дерек бойынша осының салдарынан мал иесіне келтірілген жалпы шығын мөлшері 5 млн теңгеден асады, - делінген ақпаратта.

Қазіргі таңда күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция ұрланған малдың бір бөлігін тауып, иесіне қайтарды.

- Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қалған малды табу үшін іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы ретте, шаруа қожалық иелеріне малды үнемі тексеріп отыруды, бақылауды күшейтіп, жұмысшы таңдауда мұқият болу қажеттігін ескертеміз, - делінген хабарламада.

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда екі ер адамнан 190 sim-карта мен sim-box құрылғысы тәркіленгені хабарланған.