ШҚО Прокуратурасы ерекше білімді қажет ететін балалар құқықтарының сақталуына тексеру жүргізді. Соның нәтижесінде мамандандырылған оқу орындарында тегін тамақтандыруға қатысты заңбұзушылықтар анықталды.
Заң бойынша осы санаттағы балаларды тамақтандыру ақысы мемлекет есебінен толық немесе ішінара төленуі тиіс. Алайда өңір бойынша 109 бала мектепте ақылы түрде тамақтанып келген.
Мәселен, аутизмі бар балаларға арналған «Ғажайыптар әлемі» мектебінде 42 бала оқиды. Барлығының ерекше қажеттіліктері бар, ал оның 31-і мүмкіндігі шектеулі бала. Мектеп оқушылардың тегін тамақтандыруын ұйымдастыру мәселесі бойынша ШҚО Білім басқармасына жүгінгенімен, теріс жауап алған. Осылайша, олар ақылы тамақтануға мәжбүр болды.
«Ғажайыптар еліндегі» 41 баланы тегін тамақтандыру үшін бюджеттен жылына 44,5 млн теңге ғана жұмсалады. Бұл –бюджет жүктемесінің 14 пайызы. Сондықтан облыстағы жалғыз жекеменшік арнайы мектепте балаларды тегін тамақтандыруды ұйымдастырған жөн», - дейді прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау департаментінің басшысы Жандос Қоңыров.
Осыған байланысты өңір прокуратурасы басқарма шешіміне наразылық келтірді. Бүгінде наразылық толығымен мақұлданды.