ШҚО-да ермек үшін аялдаманы талқандаған үш жігіт 7 жылға сотталуы мүмкін

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында ермек үшін аялдаманы талқандап кеткен үш жігіт 7 жылға сотталуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Алтай ауданы Серебрянск қаласында полицияға белгісіз біреулердің бес жол белгісі мен автобус аялдамасы павильонына зақым келтіргені туралы хабар түскен.

Осының салдарынан келген шығын 1 млн теңгеден асты.

Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шаралары барысында үш күдіктіні ұстады.

Олар 26 және 18 жастағы ағайындылар және олардың 17 жастағы танысы болып шықты.

Белгілі болғандай, үшеуі аялдаманы ермек үшін талқандап кеткен.


«Олар үйге қайтып бара жатқанда араларындағы жасы үлкені жол белгісін тепкілей бастады. Қызық көрген 17 жастағы жасөспірім ағасына қосыла кеткен. Осы кезде үшіншісі де бағанаға шығып, жол белгісін қолымен майыстырды», - делінген ақпаратта.

Автобус аялдамасы тұсынан өтіп бара жатқан кезде ағайындылар павильонның металл қабырғаларын аяқпен теуіп зақымдай бастаса, олардың танысы осы уақытта аялдамаға қарама-қарсы орналасқан жол белгісінің бағанасын майыстырды. Осыдан кейін вандалдар үйлеріне қайтып кетіп, болған оқиға туралы ешкімге айтпаған.

«Аталған фактіге сәйкес ҚР ҚК-нің 202-бабы 1-бөлігімен (бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл бап бойынша үш мыңнан жеті мың АЕК-ке (10 млн 350 мың-24 млн 150 мың теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл төлеуге, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылуға, не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалануы мүмкін», - делінген ақпаратта.