ШҚО-да Ертіс бетінде мұнай дағы пайда болды

Фото: None
ӨСКЕМЕН.ҚазАқпарат - Ертіс өзенінің бетінде мұнай дағының пайда болу себебін құзырлы органдар анықтауға кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға өткен аптаның жұмасында болған. Экологиялық қауіпсіздік орталығына Ертістің бетінде жанармай дағы пайда болғаны туралы дабыл түседі. Сол күні аталмыш орталық мамандары мен экология департаментінің өкілдері оқиға басына барып, судың бетінен сынамалар алған болатын. Жүргізген талдаулар судың құрамындағы мұнайдың үлесі мөлшерден 60 есе артқанын көрсеткен. Ағыстың сәл жоғары бөлігінде мұнайдың судағы үлесі 14 есе көп екені белгілі болды.
 

«Экологиялық қауіпсіздік орталығы» ЖШС-нің директоры Геннадий Корешков өзенге мұнай өнімі Кемежай ауданынан жетуі мүмкін деген болжам айтады.

«Жақын маңда жанармай стансасы тұр. Одан ақау шықса, өзенге мұнай өнімі әлі де құйылып жатар еді. Қазір ол дақтың ізі де қалмаған. Сәл жоғарыда құм таситын қайықтар тұрады. Солардан тарады ма деп отырмыз. Әйтпесе біреудің қасақана суға жанармай құюы мүмкін емес», -  дейді Геннадий Корешков. 

Бұл келеңсіз жағдайдың себебін анықтауды облыстық экология департаменті қолға алды.
 

 «Дақ пайда болған ауданнан үш қайық табылды. Оқиғаға қатысты жедел іздестіру шараларын ұйымдастырып, судың ластану көзін анықтау үшін Өскемен қаласының ішкі істер басқармасына хат жолдадық. Экология заңнамасын бұзушыларды тапқаннан соң қоршаған ортаға келген зиян мөлшерін анықтаймыз» -  дейді департамент басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Ермак Баркышев.

Соңғы жаңалықтар