ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай ауданында 70 тоннадан астам пішен жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өрт кеше кешкі уақытта Алтай ауданындағы шаруа қожалығының аумағында шыққан. Тілсіз жау 73 тонна пішенді шарпыған.
«Өрт сөндірушілер оқиға орнына шұғыл келіп жетті. Көп ұзамай толықтай ауыздықталған өрттің шаруашылық қора-жайларға таралуына жол берілмеді. Қызыл жалынның шығуына не себеп болғаны әзірге белгісіз», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Айта кетейік, өртті өшіруге жеке құрамнан 12 адам, 4 техника мен шаруа қожалығының жүк тиегіші жұмылдырылған.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.