ШҚО-да халық емшісінен шипа іздеген зейнеткер арбаға таңылды

Фото: pixabay.com

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында емшіге жүгінген қария омыртқасына екпе салдыртып, сал болып қалды. 

65 жастағы адам ауыр жағдайда облыстық мамандандырылған медициналық орталыққа жеткізілген. 

– Науқас бізге түскенде есінде ауытқушылық пен менингиттің белгілері байқалды. Белгілі болғандай, ол шамамен 20 күн бойы дәстүрлі емес медицина өкілдерінен ем алып, омыртқасына екпе салдырған, - деп хабарлады медициналық орталықтан. 

Зерттеулер мен мамандардың кеңесінен кейін омыртқа остеомиелитінің асқынған түрі, ауыр екіншілік менингит диагнозы қойылды.

– Орталық мамандары интенсивті терапия жүргізіп, заманауи диагностикалық әдістерді қолданды. Нәтижесінде науқас есін жиып, қалпына келді. Алайда медициналық көмекке кеш жүгінгеннен кейін аяғы сал болып, жамбас ағзалары қызметінің бұзылуына әкеліп соқты, - делінген ақпаратта.

Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында медицина қызметкеріне тіл тигізген ер адамға айыппұл салынғаны хабарланған. 

Ботакөз Кенжеханқызы