Мереке қарсаңында қылмыстық атқару жүйесінің қызметкеркерлері мен ішкі істер органдарының ардагерлері марапатталды. Салтанатты шара ШҚО бойынша ҚАЖ департаментінде өтті.
«Батырлар ерлігінің алдында басымызды иеміз. Отанын фашизмнен қорғаған қазақстандықтардың ерлігі - жастарға үлгі. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің негізгі міндеті – азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Ерлікпен өткен бұрынғы дәуірдің даңқты дәстүрлерін қасиетті түрде сақтап, ел алдындағы борышты абыроймен атқара беріңіздер», - деді Департамент бастығы, әділет полковнигі Жанболат Қалетаев.
«Қылмыстық-атқару жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілері әділет подполковнигі Қанат Зияновқа, әділет майоры Жасұлан Бәденовке, әділет капитаны Мерхат Ахметжановқа табыс етілді. Сондай-ақ, ҚАЖ жүйесінің бірқатар қызметкері Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталды.
Мерекелік шара соңында департамент қызметкерлері патриоттық әндер шырқап, концерт қойды.
Айта кетсек, елордада мінсіз қызметімен ерекшеленген тәртіп сақшылары марапатталған болатын.