ШҚО-да кәмелет жасына толмаған балаларға ішімдік сатқан 10 дүкен анықталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысыда 21 жасқа толмағандарға ішімдік сатқан он дүкен анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, полиция қызметкерлері өңір аумағында «Түнгі қаладағы балалар» жедел алдын алу шарасын жүргізді.

Мұндағы мақсат – балалардың құқықтарын бұзу фактілерін анықтау, кәмелет жасына толмағандарды еңбекке тарту, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу.

«Шараның 3 күнінде тәртіп сақшылары 1200 рет рейдке шығып, 4000-нан аса объектіні тексерді. Соның нәтижесінде, түн ортасында ата-анасының қарауынсыз сыртта жүрген 468 бала анықталған. Жалпы саны 500-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде, 21 жасқа толмағандарға алкоголь өнімдерін өткізген – 10 дүкен сатушысы, кәмелет жасына толмағандарға темекі бұйымдарын саудалаған – 8 адам және бала тәрбиелеу міндеттерін дұрыс атқармаған 28 ата-ана немесе заңды өкіл айыппұл арқалады», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Осы ретте полиция қызметкерлері ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмауға және олардың тәрбиесіне көңіл бөлуге шақырады.