ШҚО-да қар көшкіні қаупіне байланысты жол жабылады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында қар көшкіні жүру қаупіне байланысты тасжолдардың бірі жабылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірдегі тасжолдардың біріне қар көшкіні түсуі ықтимал.

«Бүгін сағат 19.00-ден бастап республикалық маңызы бар «Өскемен - Алтай - Үлкен Нарын - Катонқарағай - Рахман қайнарлары» тасжолының 6-166 шақырымында (Ушанов ауылы мен Алтай қаласының аралығы) көліктің барлық түрі үшін қозғалысқа тыйым салынады», - делінген ақпаратта.

Осы ретте, құтқарушылар өңір жұртшылығына алыс сапарға шығар алдында жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильдік қосымшасы арқылы тексеріп отыруға кеңес берді.

Еске салсақ, осыған дейін «Қазселденқорғау» ШҚОФ өкілдері Шығыс Қазақстан облысында тау арасында автобус тап болған оқиғаға түсінік бергені хабарланған еді.