ШҚО-да қар көшкінін түсіру үшін 4 учаскеде жарылыс жасалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанда қар көшкіні болуы ықтимал 325-тен астам учаске бар. Солардың бірқатарында жасанды қар көшкінін тудыру үшін жарылыс жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірде қар жауып, жел соғып тұр. Осыған байланысты қар көшкіні қаупі сақталады. Беткейлерде жиналған қар массасын «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының мамандары қолдан жарылыс жасау арқылы түсірді.

«Өскемен-Алтай» автожолында жер бедері жағынан ең күрделі учаскелердің бірі орналасқан. ШҚ филиалының мамандары мен ШҚО ТЖД құтқарушылары 4 жарылыс жасап, 11660 текше метр қар түсірді.

«Қар жамылғысының құрылымы мен оның қозғалысына талдау жасалады. Содан кейін қар көшкінін түсіру туралы шешім қабылданады», - деп түсіндіреді Қазселденқорғау филиалының ШҚ басшысы Омар Дүзгімбаев.

Құтқарушылар бес-жеті текше метр болатын шағын қар көшкінінің өзі адамға зиян тигізуі мүмкін дейді. Сондықтан туристер мен автожолдардың қауіпті учаскелерінен өтіп бара жатқан жүргізушілерге алдын ала ауа райы болжамын қарап алу ұсынылады.


Фото: ШҚО ТЖД