ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында екі ер адам зейнеткердің үйіне баса-көктеп кірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тонаушылар Серебрянск қаласының 80 жастағы тұрғынына пышақ кезеп, 33 мың теңгесін тартып алған. Қарақшыларды қолға түсіру үшін криминалдық полиция басқармасының және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылған.
«29 және 30 жастағы күдіктілер көп ұзамай қолға түсті. Екеуі де Алтай ауданының тұрғындары. Бұрын сотталмаған. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық Кодексінің 192-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.