ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында қармаққа іліккен балықты алу үшін суға түскен ер адам батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін Опытное поле ауылының тұрғыны балық аулауға шыққан. Кенет үлкен балық ілігіп, қармағы суға құлап кеткен. Олжасынан айырылғысы келмеген ер адам артынан жүзіп, сәлден соң бата бастаған.
«Бұз мезетте жағада тұрған оның әйелі жан-жағына айқайлап, көмекке шақырған. 100 метрдей қашықтықта болған екі балықшы лезде көмекке ұмтылып, оны судан алып шыққан. Үшеуі де оған алғашқы көмек көрсетуге тырысқан», - делінген ведомство мәліметінде.
Оқиға орнына жедел жәрдем мамандары келіп жеткенше 46 жастағы азамат көз жұмған.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.