ШҚО-да кәріз құдығында газға уланған 3 адамның денсаулығы қалай

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында кәріз құдығында жұмыс істеп жатып, газға уланған 3 адамның қазіргі жағдайы белгілі болды.

Фото: Астана әкімдігі

Оқиға кеше Глубокое ауылында болған еді. Кәріз құдығында жұмыстар жүргізу кезінде үш жұмысшы газбен уланған. 

Қазіргі уақытта екеуі амбулаториялық емдеуге жіберіліп, біреуі ауруханаға жатқызылды. Оларға барлық қажетті ем-дом жүргізілді. Бұл туралы ШҚО денсаулық сақтау басқармасынан мәлім етті. 

— Ауруханаға жатқызылған 53 жастағы ер адам симптоматикалық ем мен инфузионды терапия алып жатыр. Оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, — деді басқарманың баспасөз хатшысы Әсем Қайратбек.

Еске салсақ, осыған дейін Абай облысындағы Орлов шахтасында екі жұмысшы уланып, біреуі ауруханада бара жатқан жолда қаза болғаны хабарланған.