ШҚО-да кәсіпорындардың жұмысшыларға 11,5 млн теңгеден астам қарызы бар

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Шығыс Қазақстан облысында жұмысшылардың еңбек мәселелері бойынша шағымдары күрт артты.

Коллаж: Kazinform

Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында жұмысшылардан 588 өтініш келіп түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі еседей көп.

Оның ішінде 572 өтініш еңбек қатынастарына қатысты. Өзекті мәселелердің бірі - жалақы бойынша берешек. Сәуір айының ортасына қарай үш кәсіпорында жұмысшылар алдындағы қарыз көлемі 11,6 млн теңгені құрап отыр.

- Түскен өтініштерге байланысты 83 тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде еңбек заңнамасының жүзден астам бұзушылығы анықталды. Жұмыс берушілерге заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді. Жалақы бойынша берешек мәселесі бақылауда, - деді департамент басшысының орынбасары Қайрат Әбілқайыров.

Сонымен қатар өңірде өндірісте жарақат алу деңгейі төмендегені байқалады. Жыл басынан бері 21 жазатайым оқиға тіркелген, бір адам көз жұмған. Жалпы көрсеткіш 12,5%-ға төмендеген.

Еске салсақ, осыған дейін прокуратураның араласуымен екібастұздық жұмысшыларға 20 миллион теңге жалақы қайтарылғаны хабарланған.