ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша биыл электр жабдықтарын пайдаланған кезде қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан 70 өрт болған.
«Мәселен, 8 наурыз күні сағат 18.38-де Семей қаласындағы Нұрбаев көшесінде орналасқан жер үй өртенді. Қызыл жалын шатырды, терезе блогының ағаш құрылымдарын, жиһаз бен жеке заттарды шарпыды. Құтқарушылар өртті сөндіру барысында іштен 2 газ баллонын алып шықты», - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ осы күні Шемонаиха ауданында жеке тұрғын үйдің шатыры, және шаруашылық қора-жайлардың ағаш құрылымдары өртенді.
Оқиға орнына №28 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері шұғыл келіп жетті. Көп ұзамай жалпы ауданы 80 шаршы метрге жеткен от толықтай сөндірілген.