ШҚО-да қауіпсіздікті сақтамаған 53 балықшы жауапқа тартылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында мұздағы қауіпсіздік ережелерін сақтамаған 53 балықшы жауапқа тартылды.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, мұздағы қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін құтқарушылар, полицейлер мен еріктілер рейдтерге шығып жатыр. Қыс мезгілінің басынан бері барлығы 3 000-нан астам рейд жүргізілді.
- Халыққа су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, жадынамалар таратылуда. Қауіпсіздік ережелерін бұзған 53 балықшы ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 7 АЕК (27 524) мөлшерінде айыппұл салынды, - дейді департамент бастығының орынбасары Исхар Савазов.
Қауіпсіздік ережелеріне сәйкес, мұз қалыңдығы 10 см-дан кем болғанда үстіне шығуға болмайды. Мұз бетіне шығу үшін оның қалыңдығы 25 см-ден кем болмауы тиіс. Өзіңізбен бірге құтқару кеудешесі, ысқырық, қармаушы құрал, диаметрі 12 метрден кем емес арқан, ұзындығы 2 метрден кем емес таяқ болуы керек.
Берік әрі қауіпсіз мұз көкшіл немесе жасыл түстес келеді. Қалыңдығы 10 см-ден кем болмайды.
Еске салсақ, осыған дейін Түркістан облысында қауіпсіздік шараларын сақтамайтын балықшылар көптігі хабарланған.