ШҚО-да қайырымдылық күнінде қандай шаралар өткізілді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Шығыс Қазақстан облысында қайырымдылық күнінде бірқатар шара өткізілді.

Фото: Зайсан ауданы әкімдігі

Зайсан ауданына қарасты Қаратал ауылында 6 көпбалалы отбасы мен Қарабұлақ ауылында 7 отбасы жаңа баспананың кілтін алды. Жалпы ауданы 91 шаршы метрді құрайтын төрт бөлмелі үйлер «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша салынған.

- Аудан орталығынан 25 шақырым жерде орналасқан Қаратал – аудандағы ең ірі елді мекен. Халық саны үш мыңға жуық. Тұрғын үйге мұқтаж көпбалалы отбасылар төрт-алты балаға дейін тәрбиелеп отыр. Жалпы Зайсан ауданында «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 42 тұрғын үй салынған. Бүгін Қарабұлақ ауылында көпбалалы отбасыларға жеті үйдің кілтін табыстадық. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру жалғасады. Ауданда алпыстан астам тұрғын үй салу жоспарлануда, – деді аудан әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы.

Шемонаиха аудандық білім бөлімінің мамандары жалғызбасты қарттарды аралады. Зейнеткерлерге аудан басшылығы атынан Алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді.

Фото: Зайсан ауданы әкімдігі

- Бүгінде бұл мереке көпұлтты Қазақстанда тұратын барлық халықтар үшін бірдей қымбат. Осындай игі, шынайы, мейірімді істердің жастар үшін мәні терең. Мұндай амалдар адамдарды құрметтеуге, жанашырлыққа, сүйіспеншілікке тәрбиелейді», - дейді акцияға қатысушылар.

Үш күн ішінде барлығы 40-тан астам қарияны құттықтау жоспарлануда.

Өскеменде «Дәстүр мен ғұрып» жобасы аясында және Наурызнама мерекесіне орай қазақ халқының ұлттық бренді – бауырсақтың түрлерін насихаттау мақсатында «Ақ бауырсақ» мерекесі мен «Бауырсақ-FEST» фестивалі ұйымдастырылды.
Шай бауырсақ, ши бауырсақ, жол бауырсақ, май бауырсақ, кеспе бауырсақ , ашыған бауырсақ, жол бауырсақ, ірімшікті бауырсақ, бармақ бауырсақ, жәй бауырсақ түрлері көрсетілді. Қатысушылар халықты бауырсақтың алуан түрлілігі мен сан түрлі жасалу жолымен таңғалдырды.

Бұдан бөлек, қаладағы колледж студенттері Достық үйі-Қоғамдық келісім орталығының жанындағы алаңды ретке келтірді.

«Tazalike» акциясы шеңберінде студенттер орталық жанындағы алаңда қар мен қоқысты жинауға белсене ат салысты. Жобаны ШҚО «Аманат» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының филиалы ұйымдастырды.