ШҚО-да қайтыс болған екі донор бірнеше науқастың өмірін сақтап қалды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскеменде үш күн ішінде екі мультиағзалық донорлық ота жүргізілді. Қайтыс болған екі донордың арқасында бірнеше науқасқа трансплантация жасалды.

Фото: Magnific

Екі отаға да бірнеше медицина мамандары жұмылдырылды. Бірінші жағдайда донорлыққа жүрек пен бауыр алынды. Арада бірнеше күн өткен соң дәрігерлер жүрек, бауыр, өкпе және екі бүйректі алу бойынша тағы бір мультиағзалық ота жасады.

Барлық ағза Бірыңғай күту парағында тұрған науқастарға арналды. Олар Астана мен Алматыдағы республикалық трансплантация орталықтарына жеткізілді. Осындай оталарда әр сағаттың маңызы зор.

— Донорлық процестердің әрқайсысының артында реаниматологтар, трансплантологтар, хирургтер, үйлестірушілер, мейіргерлер және басқа да медицина қызметкерлерінен құралған мамандар тобының тәулік бойғы еңбегі тұр. Ағзалар барынша қысқа мерзім ішінде алынып, трансплантация орталықтарына жеткізілуі керек, — деп хабарлады ШҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.

Өскеменнен алынған ағзалар Астанадағы University Medical Center мен Ұлттық ғылыми онкологиялық орталыққа, Алматыдағы А. Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығына жіберілді.

Еске салсақ, осыған дейін донор тапсырған қаннан инфекция анықталған жағдайда не істеу керек екенін жазғанбыз.