ШҚО-да қаза болған өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкеріне қатысты іс сотқа жетті

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында полиция қаза болған өрт сөндіру бөлімінің қызметкеріне қатысты істі сотқа жіберді.

Фото Меруерт Қайратқызының жеке мұрағатынан

Оқиға биыл қаңтар айында болған. Марқұмның әйелі өз сөзінде күйеуіне № 21 өрт сөндіру бөлімшесінде пышақ жарақаты келтірілгені, ал әріптестері полицияға немесе жедел жәрдемге хабар бермей, оны ауруханаға өздері жеткізгенін мәлім етті.

— Жолдасыма пышақ жарақатын салу фактісі бойынша және осы оқиғадан кейін Катонқарағай ауданының № 27 өрт сөндіру бөлімінің лауазымды тұлғалары мен медицина қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты жан-жақты тексеру жүргізуді талап етемін. Қазіргі уақытта кінәлі адам әлі де тиісті жазасын алған жоқ. Осыған байланысты аталған жағдай басынан аяғына дейін толық әрі объективті түрде тергелсе дейміз. Сондай-ақ соттың істің барлық мән-жайын жан-жақты ескеріп, заңға сәйкес әділ шешім шығаруын талап етемін, — дейді Меруерт Қайратқызы.

Ал облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша күдікті тұлғаға қатысты жәбірленушінің өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын салу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілген.

— Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін Катонқарағай ауданының сотына жолданған, — делінген ақпаратта.

Еске салсақ, осыған дейін Алматы көшесінде пышақ ұстап жүрген ер адам ауруханаға жатқызылғаны хабарланған.