ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір аумағында 22 учаскеде шомылуға рұқсат етілген. Ал, облыстық мәслихаттың шешімімен шомылуға тыйым салынған 74 орын және шағын көлемді кемелерге жүзуге рұқсат етілмеген 29 учаске бар. Бүгінгі таңда осы аумақтарға 201 тыйым салу және ескерту белгісі, 12 баннер орнатылған.
Шомылу маусымы басталғалы бері құтқарушылар су айдындарының жағалауларына 1 738 рейд жүргізді. Сондай-ақ, 154 рет халықпен жиын және 10 мыңнан астам демалушы қамтылған 18 акция өткізді.
«Осы шараларға қарамастан, халық судағы қауіпсіздік ережелерін бұзуды тоқтатпады. Жыл басынан бері жалпы су пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін 9 адамға ескерту жасалды, жағалауда алкогольді ішімдіктерді ішкені немесе қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша 24 адам жауапқа тартылған. Кемелерді пайдалану ережесін сақтамаған 5 азаматқа ҚР ӘҚБтК 582-бабына сәйкес айыппұл салынды», - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, жаз шыққалы бері Шығыс Қазақстанда 3 адам суға батып кетті. Оның біреуі - бала.