ШҚО-да кенеден зардап шеккендер саны 80-ге жуықтады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында кене шаққандар саны күн санап көбейіп жатыр.
Өңір бойынша биыл қардың тез еруіне байланысты кенелер әдеттегіден ерте шықты. Барлығы 76 адам қауіпті зиянкестен зардап шеккен. Оның ішіндегі 21 пайызы — 14 жасқа дейінгі балалар.
— Аурудың алдын алу мақсатында кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулинді кене шағудан зардап шеккендердің 95%-ы алды. 5%-ы медициналық көмекке кеш жүгіну және кененің эндемиялық аумаққа жатпайтын елді мекенде жүргенде шағуына байланысты серопрофилактикамен қамтылмады, - деп хабарлады ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.
Облыс аумағында кененің жұқпалы ауруларымен ауырған науқастар тіркелген жоқ. Көпжылғы эпидемиологиялық талдаудың нәтижесі бойынша алғашқы сырқаттанушылар негізінен мамыр айынан бастап анықталады.
— Қазіргі уақытта эндемиялық аумақтардың медициналық ұйымдарында кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин препаратының қоры жеткілікті мөлшерде. Кене энцефалитінің табиғи ошақтарының қатарына Өскемен, Риддер қалалары мен Глубокое, Зайсан, Алтай, Катонқарағай, Самар, Ұлан, Шемонаиха аудандары жатады, - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін кене энцефалитінен қалай сақтануға болатыны жайлы жазғанбыз.