ШҚО-да қыс мезгілінде ауа райы қандай болады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Елдің басым бөлігінде биылғы қыс әдеттегіден жылы болып, қар молынан жауады де болжанып жатқанымен Шығыс Қазақстан облысында қалыпты қысқы ауа райы айтарлықтай өзгермейді деп күтілуде.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

«Қазгидромет» РМК-ның 2026-2027 жылдардағы қыс мезгіліне арналған болжамына сүйенсек, шығыс өңірі үшін ауа райы республикадан өзгеше болмақ.

Синоптиктер Қазақстанның басқа аймақтарында ауа температурасы 1-3 градусқа жоғарылап, мезгіл соңында қар молынан жауады деп болжап отыр. Ал ШҚО-да үш ай бойы қар мөлшері климаттық норма шамасында сақталады.

Қардың шамадан тыс жаумауы таулы аймақтардағы қар көшкіні қаупін және республикалық маңызы бар жолдарда қар құрсауының пайда болу ықтималдығын төмендетеді.

Ал ауа температурасының айлық көрсеткіштері келесідей болады:

— Желтоқсан айында ауа температурасы күрт құбылмайды. ШҚО-да орташа айлық температура көпжылдық норма шегінде сақталады. Ал республика бойынша қыстың алғашқы айы әдеттегіден 1-2 градус жылы болады деп күтілуде;

— Қаңтарда өңірдегі ауа температурасы айтарлықтай өзгереді. Шығыс Қазақстанда термометр бағаны орташа көрсеткіштен 1-2 градусқа жоғары болуы мүмкін. Бұл қаңтардың дәстүрлі аязын біршама бәсеңдетуі ықтимал;

— Ақпанда аймақта әдеттегі қысқы суық қайта орнайды. Қазақстанның басқа аймақтарында күннің ертерек жылынуы, ауа температурасының нормадан 1-3 градусқа жоғары болуы және қардың мол түсуі болжанып отыр. Ал еліміздің шығысында, Абай облысының солтүстік-шығыс бөлігінде және солтүстік өңірлерде қысқы ауа райы климаттық норма шегінде сақталады.

Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында, Павлодар облысының басым бөлігінде және Абай облысының солтүстік-шығыс жартысында орташа айлық ауа температурасы климаттық норма шамасында болады деп күтіліп отыр. Бұл айда республика аумағының басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан жоғары болады. Ал Шығыс Қазақстанда көпжылдық орташа көрсеткіштерге сәйкес сақталады. 

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде үш күн қатарынан ауадағы күкірт диоксидінің мөлшері шекті деңгейден асып отырғандығы хабарланған.