ШҚО-да қыстың боранды күндерінде жолшылар 30 мыңнан астам көлікті колоннамен алып жүрді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында биылғы қыста республикалық тасжолдарда мыңдаған көлік қар құрсауынан шығарылып, 96 рет қозғалыс шектелді.
Өңірдегі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы күтіп-ұстау жұмыстарының алғашқы қорытындылары шығарылды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, қыс мезгілінде республикалық жолдарда қозғалыс 49 рет толық жабылып, 47 рет көліктің жекелеген түрлері үшін шектеу енгізілді.
— Боран мен қарлы күндерде қызметкерлеріміз ең қауіпті учаскелер арқылы 30 мыңға жуық көлікті колоннамен алып жүрді. Қар құрсауында қалған жүздеген жүргізуші құтқарылды. Қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін жолдарда тәулік бойы 120-дан астам қызметкер және 100-ден аса арнайы техника жұмыс істеді, — деді «Қажсервис» ЖШС облыстық филиалының бас инженері Шыңғыс Заитов.
Қысқы күтіп-ұстау жұмыстарының сапасына бақылауды «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК ШҚО филиалының мамандары жүргізеді. Маусым барысында 13 рет көшпелі тексеріс жасалды.
— Осы маусымда өңірдегі барлық республикалық тасжолдардың қысқы күтімі тексерілді. Соның барысында анықталған кемшіліктер жедел түрде жойылып отырды, — дейді филиал бөлімінің басшысы Саяхат Мұсапыров.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да қар көшкіні қаупі жоғары учаскелерге тікұшақпен барлау жасалғаны хабарланған.