ШҚО-да қоғамдық кеңестердің өзара байланысын күшейтетін арнайы жоба іске асып жатыр

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында қоғамдық кеңестердің өзара байланысын күшейту үшін арнайы жоба іске асырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз «Қоғамдық кеңестер қызметі аясында тұрғындарды аумақтарды басқаруға тарту арқылы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту» деп аталатын үшжылдық жобаны жүзеге асырудамыз. Ол ШҚО ішкі саясат басқармасы тарапынан қаржыландырылуда. Жобаның маңызы өте зор. Азаматтарды шешім қабылдау үдерісіне тартуға мүмкіндік береді, облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі билік құрылымдарымен сұхбат құруға, пікір алмасуға жағдай жасап отыр. Жоба аясында Шығыс Қазақстан облысының қоғамдық кеңесінің жұмысын үйлестірумен қатар, барлық аудандардағы қоғамдық кеңестермен тығыз байланыс ұйымдастырылуда», - дейді «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры Руфит Ахмедзянов.

Оның айтуынша, қоғамдық кеңес аясында құрылған түрлі бағыттарда жұмыс істейтін комитеттердің жұмысы жолға қойылған, халықтан келіп түскен мәселелерге орай рейдтер жүргізіледі.

«Мәселен, жоба барысында биыл облыс бойынша 52 рейд өткізілді. Онда мекемелердегі пандустардың бар-жоғын тексеру, бизнеске жасалған жағдайды бақылау, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп шыққан адамдардың әлеуметтену мәселелерін қарастыру, экологиялық жағдайға барлау жасау сынды бағыттар қамтылды», - дейді Руфит Ахмедзянов.

«ШҚО талдау және болжау институты» ЖШС атқарушы директоры Аяужан Әшімованың айтуынша, қоғамдық кеңестер туралы заң Қазақстанда 2015 жылы қабылданса да, Шығыс Қазақстандағы қоғамдық кеңес оған дейін бірнеше жыл бұрын құрылып қойған.

«Ол кезде ШҚО қоғамдық кеңесінің құрамына облыстық деңгейдегі ұйымдардың – партия, кәсіподақтар, үкіметтік емес ұйымдар, атқарушы органдар, этномәдени орталықтар өкілдері кірген. Өңірдегі ең маңызды мәселелерді талқыға салып, жағдайды жақсы жаққа өзгертуге қажетті шешім қабылдауға әсер ететін. Кейіннен тиісті заң қабылданып, қоғамдық кеңестердің жұмысы осы заңға сәйкес реттеле бастады. Бірақ әркез әуел бастағы тәжірибеге сәйкес біздің Талдау және болжау институтымыз қоғамдық кеңестердің жұмысын үйлестіруге атсалысуда. Қазір қоғамдық кеңестерге әдістемелік кеңес берумен шұғылданамыз. Сонымен қатар институт негізінде облыстық қоғамдық кеңестің қоғамдық қабылдауы жұмыс істейді. Осы жылдың өзінде қоғамдық қабылдауға телефон, әлеуметтік желілер арқылы немесе тікелей келіп 214 азамат арыз-өтінішін айтып, тиісті кеңес алып, мәселелерін шешуге мүмкіндікке ие болды. Сондай-ақ қоғамдық қабылдау аясында түрлі бағыттар бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін атап өткен жөн», - дейді ол.

Аяужан Әшімованың сөзінше, келесі жылы осы бағыттағы жұмыстар жалғасады.

Яғни, түрлі тақырыптардағы талқылаулар, қоғамдық қабылдау, рейдтер, көшпелі отырыстар, түрлі деңгейдегі қоғамдық кеңестерге арналған оқыту семинарлары, осы бағыттағы мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасуға арналған конференциялар өтеді.

Жобаны институт пен қоғамдық қор бірлесе орындап жатыр.

«Екі жылда бір рет өтетін республикалық қоғамдық кеңестер мәжілісінде ШҚО қоғамдық кеңесінің жұмысы үнемі жоғары бағаланады. Оның бір себебі – 12 бағытта құрылған қоғамдық кеңес комитеттерінің тұрақты жұмысында. Яғни, ШҚО қоғамдық кеңесі тек мүшелерінен ғана тұрмайды, оларға көмекке түрлі қоғам белсенділері қоғамдық кеңес комитеттерінің жұмысы аясында келіп отыр деуге болады», - дейді «ШҚО талдау және болжау институты» ЖШС атқарушы директоры.