Конституция күнінде Шығыс Қазақстанның барлық қала, ауданында мерекелік шаралар өткізіледі. Бұл жайлы облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанат Мекеева мәлім етті.
«Мерекеде салтанатты жиындар өткізіліп, жастарға төлқұжаттар тапсырылады. Ал кішкентай шығысқазақстандықтар үшін конкурстар, викториналар мен блиц сауалнамалар ұйымдастырылады. Қала, аудандардың орталық алаңдарында шығармашылық ұжымдар мен жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарламалар өтеді», - деді ол.
Сондай-ақ, түрлі тағамдар, бал және ұлттық ас мәзірі фестивальдері болады. Шаруа қожалықтарының өнімдері сатылып, қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкелері ұйымдастырылмақ.
«Конституция күні аясында жаңа әлеуметтік нысандар да ашылады. Жалпы, өңір бойынша 300-ден астам шара өткізу көзделіп отыр. Мереке отшашумен аяқталады», - деді Жанат Мекеева.