ШҚО-да контрафактілік алкоголь шығаратын екі цех жойылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында контрафактілік алкогольді сатылымға шығарып отырған екі цех жойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Экономикалық тергеу департаменті облыс прокуратурасының үйлестіруімен алкогольді өнімдерді жасап шығаратын жасырын цех ұйымдастырғандардың заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қойды.

«Жүргізілген тінту барысында қолдан жасалған алкогольді дайындайтын құрал-жабдықтар мен ыдыстар, 4 000 есепке алу-бақылау маркалары және әртүрлі атаулары бар 10 000 бөтелке алкогольді өнім тәркіленді. Өскемен қалалық №2 сотының үкімімен қолдан жасалған есепке алу-бақылау маркарларды пайдаланғаны, заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырғаны үшін ұйымдастырушы және оның сыбайластарына бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Алынған контрафактілік өнім жойылды», - деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметінен.

Жыл басынан бері облыс бойынша суррогатты алкоголь өнімдерін құйып шығаратын екі бірдей цех жойылған.