ШҚО әкімі Даниал Ахметов тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысы бойынша жиналыс өткізді.
«Коммерциялық тұрғын үй құрылысына ерекше назар аудару керек. Өйткені бұл үйлер ел арасында сұранысқа ие. Сондай-ақ «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша салынатын жер үйлерде барлық қажетті коммуникациялар мен инфрақұрылымның болуын жіті тексеру қажет. Ниет білдірген құрылыс компанияларына үйлердің төрт түрлі типтік жобасын ұсынамыз», - деді аймақ басшысы.
Оның айтуынша, Ұлан ауданы Таврия, Бозанбай, Айыртау ауылдарында және Күршім ауданы Марқакөл ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынып жатыр.
Алдағы уақытта елді мекендерде тағы да салынатын спорттық-мәдени нысандардың ауыл орталығына жақын орналасуына баса мән берген жөн.
«Әр түрлі типтегі 36 медициналық мекеменің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Биыл Зайсан, Күршім және Катонқарағай аудандарында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған 39 үйдің құрылысы басталды. Өскемен қаласының әкіміне жеке тұрғын үйлер құрылысы үшін үш шағын ауданындағы жер учаскелерін бөлуді тапсырдым», - деді Даниал Ахметов.
Фото: rudnyi-altai.kz