ШҚО-да көші-қон заңнамасын бұзған 317 шетелдік анықталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында көші-қон заңнамасын бұзған 317 шетелдік анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары 1 қазаннан бастап «Учаске» жедел алдын алу шарасын жүргізіп жатыр.

Ондағы мақсат – үйлердегі түрлі құқық бұзушылықтарды анықтау, ел аумағына заңсыз келетіндерге тосқауыл қою.

Бүгінгі таңда полиция қызметкерлері 176 290 тұрғын үйді, оның ішінде 97 858 пәтерді, 62 916 жер үйді және 15 516 саяжайды аралап, 1 469 шаруа қожалығын тексерді.

Сондай-ақ 1 165 жалдамалы пәтер тексеруден өткен. Нәтижесінде, мемлекеттік кіріс органдарында тіркелмеген және салық төлемеген 228 жалдамалы пәтер анықталды.

«Көші-қон заңнамасын бұзған 317 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 312-і ТМД, 5-і алыс шетел азаматтары. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасында тіркеусіз не жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрғаны үшін 850-ден астам адамға айыппұл салынды», - дейді облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Думан Қожахметов.

Айта кетейік, «Учаске» шарасы 1 қарашаға дейін жалғасады.